Информационное агентство "Aldaspan-Info"

Главная / Политика / ҚОРДАЙДА ЖАҢА КӨПІР ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛДІ

ҚОРДАЙДА ЖАҢА КӨПІР ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛДІ

Соңғы жылдары Қордай ауылының іргесінен орын тепкен «Болашақ» шағын ауданының инфрақұрылымын дамыту жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келеді. Атап айтсақ, мұнда газ бен су құбыры тартылып, бірнеше көшеге жарық шамдары орнатылып, бас көшесіне асфальт та төселген. Десе де, осы аймақтың тұрғындарын көпір мәселесі көптен бері мазалап жүрген еді. Өйткені орталыққа қатынайтын азаматтар айналма жолмен жүруге мәжбүр болатын. Бұл әсіресе, жаяу жүрген жандарға қиын болғаны рас. Осыған дейін қолданыста болған кішігірім өткел сонау кеңес заманында салынып, күнделікті қатынауға арналмаған. Осыған орай аталмыш мәселе басшылықтың назарына жеткізіліп, көп ұзамай тамыз айында көпірдің құрылысы басталған еді.

Тарқата айтсақ, заманауи нысанның құрылыс жұмыстарын «Алира сервис» ЖШС жүргізіп, мердігер облыстық бюджеттен бөлінген қаражатты толықтай игерген. Су жаңа көпірден жаяу жүргіншілер де емін-еркін өте алады. Ал, көпірді түнде күн сәулесінен қуат алатын жарық шамдары жарықтандыратын болады. Әрине, ауыл тұрғындары бұл іске дән риза.

Көпірдің ашылу салтанатына аудан әкімі Болатбек Байтөле бастаған басшылық өкілдері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Аудан әкімі көпшілікті мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

– Расында, көпір жергілікті тұрғындардың көптен күткен арманы еді. Бұл ықшам ауданнан күнделікті мыңға жуық адам айналма жолмен орталыққа қатынайтын. Бұл әсіресе, мектеп оқушылары үшін қиындық туғызды. Бүгін бұл мәселе түбегейлі шешімін тауып отыр. Сондай-ақ, болашақта жаңа көпірмен 2700 жер телімі бар «Солтүстік-Шығыс» жаңа массивінің тұрғындары да қатынайтын болады. Мұнымен атқарылған жұмыстар шектелмейді, алдағы жылы осы көпірге апаратын Төле би көшесіне кеңейту жұмыстары жүргізіліп, екі жақты жаяу жүргіншілерге арналған жол да салынатын болады. Сондай-ақ, «Болашақ» ықшам ауданындағы жолдар жасалып, жарықтандыру жұмыстарын да аяқтау жоспарда бар. Бұл алқапта бүгінде әлі толық шешімін таппаған су мәселесі 2020 жылы шешімін табатын болады. Келер жылы «Солтүстік-Шығыс» жаңа массивіне орталық магистральды құбырдан су тарту үшін қаражат бөлінді, осы құбыр арқылы «Болашақ» ықшам ауданының ауызсу мәселесін кезең-кезеңімен шешу жоспарланып отыр, – деген аудан басшысы алдағы жоспарларымен бөлісті.

Ал, өз кезегінде Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай және ардагерлер кеңесінің мүшесі Қарлығаш Жұмажанова көпшілікті айтулы күнмен құттықтап, салтанатты түрде нысанның лентасын қиды. Осыдан кейін көліктерге жол ашылып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер көпірден өтті.

joomla 3.5