Информационное агентство "Aldaspan-Info"

Главная / Политика / Қасым-Жомарт Тоқаев Петербург халықаралық экономикалық форумының 25 жылдығына арналған жиынға қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Петербург халықаралық экономикалық форумының 25 жылдығына арналған жиынға қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Петербург халықаралық экономикалық форумының 25 жылдығына арналған жиынға қатысты

 

Мемлекет басшысы «Жаңа әлем – жаңа мүмкіндіктер» атты Петербург халықаралық экономикалық форумының 25 жылдығына арналған жиынның пленарлық отырысына қатысты. Пленарлық сессияда Қазақстан Президентінен бөлек Ресей Президенті Владимир Путин және бейнебайланыс режимінде Египет Президенті Абдель Фаттах Ас-Сиси сөз сөйледі. Сондай-ақ ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин форум қатысушыларына бейнеүндеу жолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару ісін жаңғырту және Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар туралы айтты.

– Бар күш-жігеріміз экономиканың өсімі азаматтардың әл-ауқатын арттыруға пропорционалды түрде ықпал етуге бағытталған. Біз сауда-экономикалық байланысты дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға, адами капиталдың өсімі мен инновацияларды енгізу үшін жағдай жасауға ниеттіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың әлеуетін арттыруды өзекті міндет ретінде атады.

– Одаққа мүше барлық елдің экономикасының жиынтық көлемі қазір 2 триллион доллардан асады. Бұл – еркін тауар айналымы, капиталы және жұмыс күші бар өте үлкен нарық. Пандемия мен дағдарыс жағдайына қарамастан, Одақ аясындағы ынтымақтастық дәйекті түрде нығайып келеді. Былтыр өзара сауда-саттық көлемі Еуразиялық экономикалық одақ құрылған уақыттан бергі ең жоғары деңгейге жетіп, 73 миллиард доллар болды. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен үштен бір есе көп, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының деректеріне сілтеме жасай отырып, Ресей мен Қазақстан әлемнің осы саладағы жетекші елдері екеніне тоқталды.

– Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі жағдайының нашарлауына байланысты аталған мәселе күрделене түсті. Ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты факторы және міндеті – тұрғындарды сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету. Сенімді азық-түлік жүйесін құру үшін инновациялық шешімдер мен озық технологияларды енгізу және азық-түлікті ысырап етуді тоқтату маңызды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдерін ұлттық деңгейде де, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да саралау керек. Осы ретте Одаққа мүше елдердің мүдделері ескерілуге тиіс. Келісіп жұмыс істемесе, бұл аса маңызды саладағы алға қойған мақсаттарға қол жеткізу қиындай түседі. Яғни, шектен тыс инфляцияға, азық-түлік тапшылығына қарсы күрес – баршамызға ортақ міндет, – деді Қазақстан Президенті.

Биыл Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымына төрағалық етуде. Мемлекет басшысының айтуынша, ТМД-ның құрылған уақыттан бергі мол тәжірибесі күрделі геосаяси жағдайда көпжақты диалогтың тиімді екенін көрсетті.

– ТМД осындай мегажобаны іске асыруда мейлінше қолайлы база бола алады деп ойлаймын. Бұл ретте, ШЫҰ, АСЕАН, ЕЭО Үлкен Еуразиялық кеңістіктің ажырамас бөлігі болар еді, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, бейбіт, тұрақты және экономикалық тұрғыдан қуатты Еуразия құру жаһандық ауқымдағы орнықты дамудың және инклюзивті өсімнің қуатты факторына айналатынына сенім білдірді.

– Халықаралық жағдайды қалыпқа келтіруге және әлемдік экономиканың өсімін дұрыс жолға салуға бағытталған табысты идеяларды іздеу үшін жоғары деңгейдегі сарапшыларды біріктіретін мұндай беделді пікірталас алаңының әлеуеті зор, – деді Қазақстан Президенті.

Негізгі спикерлердің баяндамасынан кейін жиын сұрақ-жауап форматында жалғасты.

Президент осы уақытқа дейін біздің елдің көкейінде ғана емес, халықаралық аренада да жиналып қалған күрделі сұрақтарға жауап берді.

Украинадағы Луганск пен Донецкке қатысты модератор, Маргарита Симонянның:

-Біздің (Ресейдің) Украинадағы арнаулы операциямыздың мәжбүрлікпен жасалып жатқаны және заңдылығы туралы не айтасыз”-деп қойған сұрағына Тоқаев:“Турасын айтайын, бұл мәселеге қатысты түрлі пікір бар. Қоғамымыз ашық, азаматтық қоғамның толысқаны анық байқалады. Сондықтан, түрлі пікірлер айтылады. Дегенмен, келесіні атап өткім келеді: қазіргі заманғы құқық – бұл БҰҰ Жарғысы. Бірақ, БҰҰ-ның екі ұстанымы бір-біріне қарама-қайшы келеді – бұл мемлекеттің тұтастығы және ұлттың өз таңдауын жасауға құқығы.Егер ұлттарға таңдау құқығы берілсе, онда жер шарында 193 мемлекеттің орнына 500-600 мемлекет құрылар еді. Бұл бейберекеттік тудырады. Дәл осы себепті біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Демек, бұл принцип біздің көзқарасымызша квазимемлекеттік бірлестік саналатын Луганск пен Донецкке де қолданылатын болады», - деп жауап берді.

 

joomla 3.5