Тараз қаласында жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру және жас ақын-жазушыларды қолдау мақсатында маңызды мәдени шара өтті. «Тараз қаласының жас ақын-жазушыларды қолдау бойынша іс-шаралар ұйымдастыру» тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік жоба аясында «Еркін Пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жаңа «Мәңгілік ел» әдеби шығармашыл жастар клубы құрылып, клубтың салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды.
Клубтың ашылуында жас ақын-жазушылар мен студенттер, сондай-ақ қоғам белсенділері қатысып, жас қалам иелерін жаңа бастамаларымен құттықтады. Іс-шара барысында қатысушыларға клубтың мақсат-міндеттері мен алдағы бағыттары таныстырылды.Клубтың басты мақсаты – студенттер мен жастардың әдеби шығармашылық қабілеттерін дамыту, ұлттық рухты, мәдени және моральдық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ жастар арасында оқырман мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Бұл бастама жас буынның шығармашылық ізденісін арттырып, жаңа әдеби орта қалыптастыруға жол ашады деп күтілуде.
Қазіргі таңда клуб құрамында жүзге жуық жас бар. Олардың қатарында Тараз қаласының жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, мектеп оқушылары, жас ақындар мен жазушылар бар. Клуб мүшелері тек әдеби шығармашылықпен шектелмей, түрлі поэзия кештері, әдеби кездесулер, шығармашылық байқаулар мен шеберлік сабақтарын өткізуді жоспарлап отыр.Жаңа құрылған «Мәңгілік ел» әдеби клубының төрағалығына талантты жас ақын Шырынбек Ғалымжан сайланды. Ол өз сөзінде клубты жас қаламгерлердің басын біріктіріп, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін шығармашылық алаңға айналдыруды мақсат ететінін айтты.«Мәңгілік ел» клубының құрылуы – Тараз жастарының мәдени-рухани өміріндегі айтулы оқиға. Бұл жоба жас дарындардың шығармашылығын қолдап қана қоймай, ұлттық әдебиеттің дамуына да серпін бермек.

«Талап, еңбек, терең ой» атты облыстық пікірсайыс турнирі өтті
Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін Пікір» жастар қоғамдық бірлестігі «Жастар арасында пікірсайыс қозғалысын дамытуға бағытталған шаралар ұйымдастыру» тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік жобасын іске асыруда. Жоба аясында Жамбыл жоғары медициналық колледжінің қабырғасында «Талап, еңбек, терең ой» атты облыстық пікірсайыс турнирі өткізілді. Пікірсайыс турнирінің мақсаты- жастардың сыни ойлау қабілетін дамытуға, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап өзара білім мен парасаттылықтарын ортаға салып, өзіндік көзқарастарын еркін білдіруге және көшбасшылық қабілеттерін шыңдауға, тың ойлар мен шешімдер ұсына алатын жастарды тәрбиелеу болып табылады.
Облыстық пікірсайыс турниріне 22 команда, 44 тан аса пікірсайысшы қатысты. Турнир АПФ және ЛД форматында өтті, қатысушылар үш іріктеу ойынын ойнап, іріктеу раундының үздіктері плей оф раундына жолдама алды. Пікірсайыс турнирі өте тартысты өтті. Жамбыл облысынан бөлек Шымкент қаласынан келген пікірсайысшылар да турнирге қатысып, өзара білім мен пікір алмасу алаңында бақ сынады. Турнирдің нәтижесі бойынша АПФ форматында жүлделі 1-орынмен: Серікұлы Еркебұлан, Өзбек Мағжан марапатталды, жүлделі 2-орынмен: Серікұлы Нұрдаулет, Дүйсени Жасұлан марапатталды, жүлделі 3-орынмен: Тілеумұрат Нұрдаулет, Нүрсүлеймен Бекарыс марапатталды. «Үздік талпыныс» номинациясымен Нұржан Күнжамал, Сейдіш Ұлжан марапатталды. «Үздік спикер» номинациясымен Бақберді Асланбек марапатталды. «Ең Үздік спикер» номинациясымен Дүйсени Жасұлан марапатталды. «Ең Үздік төреші» номинациясымен Ұзақбаев Садыр марапатталды.

«Дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру және алдын-алу» мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Мойынқұм ауданының Биназар ауылында діни қауіпсіздік бағытындағы кездесу өтті. Ауылдық клуб ғимаратында өткен іс-шараға ауылдың жастары мен тұрғындары белсенді түрде қатысты.
«Жат ағымнан сақтану» тақырыбындағы кездесуге арнайы шақырылған «Абдықадыр» мешітінің бас имамы, тәжірибелі дін маманы Дәурен Құттыбаев қатысып, қатысушылармен ашық әрі мазмұнды диалог жүргізді. Ол өз сөзінде бүгінгі күні қоғамда көрініс тауып отырған теріс діни бағыттардың таралу жолдарын, олардың жастарға әсер ету тетіктерін және олардың алдын алу үшін қандай шаралар қажет екенін тілге тиек етті.
Кездесу барысында қатысушылар дәстүрлі ислам мен шынайы діни танымның ара-жігін ажырату жолдарын білді. Сондай-ақ, имам жат ағымдардың әлеуметтік желі, бейресми уағыз-насихат арналары арқылы таралу мүмкіндігіне ерекше тоқталып, сақтық шаралары жөнінде нақты ұсыныстар берді. Кездесу қатысушылары тарапынан белсенділік байқалып, өзекті сұрақтар қойылып, ой-пікірлермен бөлісті. Іс-шара қоғамда діни тұрақтылық пен иммунитет қалыптастыруға бағытталған нәтижелі кездесу ретінде жоғары бағаланды.

Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Мойынқұм ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру және алдын-алу» тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік жоба аясында Мойынқұм ауданы, Көкжелек ауылында ақпараттық-түсіндіру бағытындағы семинар ұйымдастырды. Шара ауыл әкімшілігінің мәжіліс залында өткізіліп, оған ауыл тұрғындары мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
«Жастар санасын деструктивті діни идеологиядан сақтау» атты семинарда спикер ретінде «Абдықадыр» мешітінің бас имамы Дәурен Құттыбаев шақырылды. Білікті дінтанушы өз сөзінде қазіргі қоғамда жастардың деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсіп кету қаупін, сондай ағымдардың белгілерін және олардан сақтану жолдарын жан-жақты түсіндірді. Семинар барысында жастарға шынайы діни білімнің маңызы, дәстүрлі ислам құндылықтары мен ұлттық рухани негіздер жайында терең әрі мазмұнды мәліметтер берілді.
Спикер қатысушыларға нақты мысалдар келтіріп, жалған діни үгіт-насихаттың әлеуметтік қауіптері туралы ескертті. Шара соңында еркін форматта сұрақ-жауап ұйымдастырылып, қатысушылар көкейіндегі мәселелерге толыққанды жауап алды. Семинар өзекті тақырыптарды қамтып, жастар мен тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға сеп болды.


Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Мойынқұм ауданы ішкі саясат бөлімінің «Отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды насихаттау бойынша іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу» тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік жоба аясында бірқатар тәрбиелік және ақпараттық іс-шаралар өткізуде. Аталған жоба отбасының қоғамдағы рөлін арттыру, жастар арасында отбасылық жауапкершілік пен рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған.
Жобаның алғашқы іс-шарасы 2025 жылғы сәуір айында Мойынқұм ауданы, Көкжелек ауылында өткізілді. Кездесу «Отбасының қоғамдағы рөлі» тақырыбында өтіп, оған ауыл тұрғындары мен жоғары сынып оқушылары қатысты. Шара ауылдық әкімшіліктің мәжіліс залында ұйымдастырылып, мазмұнды әрі тағылымды форматта өтті.
Спикер ретінде Жамбыл облыстық нотариаттық палатасының атқарушы директоры, білікті заңгер Өмірбеков Данияр арнайы шақырылды. Ол отбасылық қатынастардың құқықтық негіздері, ата-ана мен бала арасындағы заңды жауапкершілік, отбасындағы татулық пен бірліктің маңыздылығы туралы кеңінен баяндама жасап, нақты мысалдар келтірді. Сонымен қатар қатысушыларға отбасылық дауларды шешу жолдары, заң аясында ата-ананың міндеттері мен құқықтары жөнінде ақпарат берілді.
Іс-шара барысында қатысушылар спикерге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, өз ойларын ортаға салды. Ашық диалог пен пікір алмасу арқылы кездесуге қатысушылар отбасылық құндылықтардың қоғам тұрақтылығындағы маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік алды. Кездесу соңында қатысушылар тарапынан алғыстар айтылып, мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылуы қажеттігі атап өтілді.

«Отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды насихаттау бойынша іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу» атты мемлекеттік әлеуметтік жоба аясында Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Мойынқұм ауданының Биназар ауылында тәрбиелік-танымдық бағыттағы семинар ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – ауыл тұрғындары мен жастардың рухани тәрбиесін дамытуға үлес қосу, отбасындағы рухани құндылықтардың орнын айқындау. Семинар «Рухани тәрбиені дамытудың жолдары» тақырыбын қамтып, ауылдық клуб ғимаратында өтті. Шараға ауыл тұрғындары, жастар және қоғамдық белсенділер қатысып, тақырып аясында маңызды ақпараттармен танысты.
Семинардың негізгі спикері – Жамбыл облыстық нотариаттық палатасының атқарушы директоры, тәжірибелі заңгер Өмірбеков Данияр болды. Ол өзінің баяндамасында рухани тәрбиенің отбасынан басталатынын, ұлттық құндылықтарды сақтау арқылы ұрпақтың мәдени және адамгершілік тұрғыдан қалыптасуына қол жеткізуге болатынын айтты. Сонымен қатар, рухани дағдарыстың алдын алу жолдары, отбасындағы қарым-қатынастың құқықтық және моральдық аспектілері жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Қатысушылар тақырып бойынша сұрақтар қойып, өз пікірлерін білдірді. Ашық пікірталас форматында өткен семинар рухани жаңғыру мен отбасылық құндылықтарды сақтау бағытында маңызды алаңға айналды. Қатысушылар шараның мазмұнды өткені жөнінде оң пікірлер айтып, болашақта осындай кездесулердің жалғасуын тіледі.


Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін Пікір» жастар қоғамдық бірлестігі «Жастар арасында пікірсайыс қозғалысын дамытуға бағытталған шаралар ұйымдастыру» тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік жобасын іске асыруда. Жоба аясында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің қабырғасында «Адал еңбек» тақырыбында облыстық пікірсайыс турнирі өткізілді. Пікірсайыс турнирінің мақсаты- жастардың сыни ойлауын дамыту, өзара білім мен парасаттылықтарын ортаға салып, халыққа дұрыс жеткізу тәсілдерін дамыту, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, тың ойлар мен шешімдер ұсына алатын жастарды тәрбиелеу болып табылады.
Облыстық пікірсайыс турниріне 20 дан астам команда, 40 тан аса пікірсайысшы қатысты. Турнир АПФ және ЛД форматында өтті, қатысушылар үш іріктеу ойынын ойнап, іріктеу раундының үздіктері плей оф раундына жолдама алды. Пікірсайыс турнирі өте тартысты өтті. Жамбыл облысынан бөлек Шымкент пен Алматы қалаларынан келген пікірсайысшылар да турнирге қатысып, өзара білім мен пікір алмасу алаңында бақ сынады. Турнирдің нәтижесі бойынша АПФ форматында жүлделі 1-орынмен: Саматқызы Гүлназ, Медетқызы Диана марапатталды, жүлделі 2-орынмен: Аққос Айғаным, Жұмахан Нұрайым марапатталды, жүлделі 3-орынмен: Нұрпапа Салтанат, Базарбай Еркеайым марапатталды.

Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Жамбыл облысы әкімдігінің "Дін проблемаларын зерттеу орталығы" КММ-нің тапсырысы бойынша бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда.
Соның бірі ретінде, 2025 жылдың сәуір айында Меркі ауданында тұрғындар мен мектеп оқушылары арасында сауалнама жүргізілді. Бұл зерттеу дінге қатысты халықтың көзқарасын анықтауға және аймақтағы діни ахуалды зерделеуге бағытталды.


«Komek.Demeu.kz» қоғамдық қоры Т. Рысқұлов ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде пробация қызметінің есебіндегі азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету және түсіндірме жұмыстарын жүргізу» тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік жобаны іске асыруда. Жоба аясындағы келесі маңызды кездесу Т. Рысқұлов ауданының полиция бөлімінде өтті. Шараның мақсаты – пробация есебіндегі азаматтарға құқықтық сауаттылықты арттыру, заң алдындағы жауапкершілік пен өз құқықтарын түсіндіру арқылы қоғамға бейімделуге мүмкіндік беру.
Іс-шараға арнайы шақырылған қонақ – Ахметов Айнабек Қалдарбекұлы, дінтанушы, Тараз қалалық Кеңесхан қажы мешітінің имамы – құқықтық мәдениеттің дінмен байланысы, адамның рухани дамуы және қоғамдағы тәртіпке бағынудың маңыздылығы туралы кеңінен баяндап берді. Ол өз сөзінде заңға бағыну мен моральдық жауапкершілік, қайта құқық бұзушылыққа жол бермеу, адами құндылықтар арқылы дұрыс бағыт таңдаудың маңызын нақты мысалдармен түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, еңбекке араласу, қайта мамандық алу, отбасылық қатынастарды нығайту сынды маңызды тақырыптар да қамтылды.
Кездесу барысында азаматтар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, дін мен құқық аясындағы мәселелерге нақты әрі бағытталған жауаптар алды.

Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін Пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Аудан тұрғындары арасында этносаралық және конфессиялық келісімді нығайтуға және насихаттауға бағытталған іс-шаралар» тақырыбындағы әлеуметтік жобасын іске асыруда. Жоба аясында Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Достық үйінде» «Бейбіт елдің балалары» атты балалар мен жасөспірімдерге арналған этносаралық байқау өткізілді. Мақсат- Қазақстан халқының ынтымағы мен ұлтаралық татулығын одан әрі күшейту, этносаралық қарым-қатынас пен қоғамдық келісімді реттеу болып табылады. Байқауға 20 ға жуық этнос жастары белсене атсалысты. Байқау 6-8 жас, 9-11 жас, 12-15 жасерекшелігіне қарай үш топқа бөлініп қарастырылды. Байқаудың нәтижесінде орын алған оқушылар марапатталып, сыйлықтар табысталды.

Страница 11 из 41
09 Май 2025
182